Өлеңдер ✍️

  29.04.2022
  107


Автор: Гүлманат Әуелхан

Көктемгі көңіл

Адастырма о, ұлы асыл үміт,
Көкжал болып шақырды ғасыр ұлып.
Менің тәтті шақтарым жоғалмашы,
Жылғасына жылдардың жасырынып.

Сұлу еді сол шағым, мөлдір еді,
Көк көйлегі көктемнің көлбіреді.
Түрлі гүлдің тозаңы тұншықтырып,
Жапырақтың қойнына көмді мені.

Жасырды да жылдардың нала мұңын,
Дархан көңіл жазады дала жырын.
Бура бұлттар бусанып көшіп барат,
бұлдыр елес бұлаңдап балалығым.

Ақжауыны-ай, жанымның себелеген,
Қуат алам бойыма сенен ӨЛЕҢ.
Алыс қырда қол бұлғап қалған көктем,
Гүл шырынын ұрлаған көбелек ең.

Тырбынамда тірліктің әуресімен,
Емделемін ғарыштың сәулесімен.
Тәп-тәтті бір елестер қалып қойды,
Тамылжыған тамаша тау кешінен


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу