👈 қаріп өлшемі 👉

  Эсселер ✍️

  29.04.2022
  46


Тәрбиеші мамандығым-мақтанышым!

Кадирова Мирамкул


Жоғары сыныпта оқып жүріп жазған «Кім болам?» тақырыбындағы шығармада   жас апайларымызға еліктеп «ұстаз боламын» деп жазғаным  алабұртқан жастықтың әңгімесі емес, шындыққа айналғанына міне, тура 29 жыл өтіпті, Сол қиялдың жетегінде Қызылорда педагогикалық институтына түсіп , музыка пәнінің мұғалімі, тәрбиеші-методист мамандығы бойынша алған дипломыма алғысым шексіз.  Алғаш еңбек жолымды бастаған сәттен-ақ  түсінгенім-ұстаздық менің өз мамандығым екендігі. Демек, мен мамандықты емес, мамандық мені таңдап тұрғанын түсіндім. Балаға  білім мен тәрбие беретін  ұстаздық-бұл кездейсоқ адамдар жүруге болмайтын белгілі бір қызмет саласы. Өйткені, бала-біздің болашағымыз. Ал, болашақты тәрбиелеу  тек ұстазға ғана сеніп тапсырылатын қызмет.  Әрбір бала өзінші бір әлем, өзінші бір өнер, өзінше бір бірегей. Міне, сол баланың тілін тауып, іргетасын калау-ұстаз міндеті. Ұстаздық қызмет мектепке дейінгі және мектеп жасына қарай  мектеп мұғалімі және балабақша тәрбиешісі болып бөлінетіні белгілі. Менің бүгінгі әңгімем балабақша тәрбиешісі жөнінде болмақ.


Шығыс философтары: тәрбиешінің еңбегі мың түрлі гүл өсіретін бағбанның еңбегімен бірдей. Бір гүл жарықты, бір гүл көлеңкені, ал, енді бір гүл алакөлеңкені, келесісі қараңғыны сүйеді. Барлығына да ерекше күтім керек. Бала да сол сияқты» деп тәрбиеші еңбегінің ерекшелігін  атап көрсеткен екен.


Мен үшін де  қазіргі заманның тәрбиешісі- ол жүгіруші, секіруші, мәңгілік қозғалыс иесі. Өйткені, бала жүгіруші, секіруші, және  қозғалыс иесі.


Мен үшін қазіргі заманның тәрбиешісі-ол зерттеуші, бақылаушы,құрастырушы, суретші, мүсінші, әнші, биші, әртіс, сиқыршы, саяхатшы., ізденуші. Баланың әрбір сұрағына нақты дәлелмен жауап беру үшін ол үнемі білімі мен білігін көтеріп, жаңа заман ағымымен ілесіп отырушы.  Балаға  тек  тәрбиеші өз  деңгейінде ғана білім беріп қоймайды , баланың шығармашыл ойлай білуіне ықпал ету үшін көп ізденеді. . Сол ізденіс арқылы бала жүрегіне жол тауып, оны өз қалауымен жетектей білуі де ұстаздық қасиет.  Бала өзін тәрбиешімен бірге жүргенде қауіпсіз, қамсыз сезініп, тәрбиешіге толықтай сенуі керек. Ал, ол сенімге ие болу үшін, тәрбиеші баланы өз баласындай жақсы көруі керек.


Менің ойымша  Әйел-ана  үшін  тәрбиеші болу-ең керемет мамандық. Өйткені қыз баланың  өмірдегі мақсаты-ана болу. Ана ретінде балаларды мейірімге бөлеу, олардың өмірін махаббатқа толтыра отырып, өзіне жағымды  әсерлер топтамасын алу тек  тәрбиешінің ғана қолынан келеді.


Тәрбиеші болу мен үшін- бұл үнемі балалық шақта, ертегілер әлемі мен қиял әлемінде болу мүмкіндігі.Алдыма келген  балаларды үлкен жауапкершілікпен осы ғажайып әлемнің тылсымына ендіру маған үлкен ләззат сыйлайды. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын. Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл — күй сыйлау. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу қызметіне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.


Баланың барлығы бірдей емес: момын, қырсық, тынымсыз, ұялшақ, ұрыншақ, үндемес, сөзуар, кінаратшыл, аңғал, талапшыл, қайсар, өжет.. т.б. Бірақ, мен оларды осы мінездері үшін жақсы көремін, сол күйі қабылдаймын. Олармен бірге өз жасымды ұмытып бала болып ойнаймын, оларды аналық махаббатыма бөлей отырып, ерекше дарыны мен қабілетінің  дамуына жағдай жасаймын. Дидактикалық, қимыл-қозғалыс ойындарын тиімді ұйымдастырып, өз ойын толық  айтуға баули отырып, өз қимыл-қозғалысында  еркіндікті сезіне білуге  үйрету де тәрбиешінің қызметі  және міндеті. 2-6 жастағы бүлдіршіннің ең басты жұмысы-ойын. Оның ойынына шектеу қою-балалығына шектеу қоюмен бірдей.Баланың қателесуіне және сол қатесін түзеуіне де мүмкіндік беру керек. Барлық талаптарды орындауға бала міндетті емес. Оның  бүлдіруге, сындыруға, шашуға, айқайлауға, жылауға, күлуге ,өз ойын айтуға құқысы бар. Өйткені ол — бала. Біз роботтар тәрбиелеп жатқанымыз жоқ. Сондықтан осындай сәттерде тәрбиешіге тек сабырлылық қасиеті  серік бола алады.


Қорытынды: Әр адам сүйікті мамандығы бойынша жұмыс жасағанда өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді деп ойлаймын. Сүйікті мамандығы болса  атақ-абыройға кенеледі. Әрине, барлық мамандықтар адамнан шеберлікті, қажымас қайратты, еңбектенуді керек етеді. «Ұялмаған әнші болады; Ерінбеген етікші болады»,- деген халқымыздың даналық сөзі бар. Тіпті етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол.


Менің  түсінігімдегі  ТӘРБИЕШІ  – рухы  таза,  ой – өрісі  биік,   шыдамдылық пен табандылықтың  үлгісін  көрсетуші, қоғамды   өркендетуші,  жа­ңа­шылдық  бастаушысы,  жү­ре­гі – жылы,  көңілі – дарқан  адам.Өз бойынан  осы қасиеттерді таба алмаған адамның ұстаз-тәрбиеші  атануға қақысы жоқ.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы