Өлеңдер ✍️

  28.04.2022
  337


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ САРАЙШЫҚПЕН СЫРЛАСУЫ


Күндіз –Күннің,
түнде –Айдың аманында,
Не көрмедің, Сарайшық, заманыңда.
Сарай едің мың өліп, мың тірілген
Ғасырлардың шыңғырып табанында.
Уақыт деген жосылған көшкін еді,
Бәрін неге бұ қазақ кеш біледі?
Оу, Сарайшық, кеудеңнен
ыңырсыған
Бабалардың үндері естіледі.
Естіледі ызалы ышқынғаны,
Қанды көбік жауына құстырғаны.
Жауға мінген апай төс аттардың да,
Естіледі қан жұтып пысқырғаны.
Қасиеті қайда бұл кемел елдің,
Көтермейді күмбесін неге өнердің?
Оу,Сарайшық, кеудеңнен қан ағып тұр,
Тесіп өткен ізінен жебелердің.
Өткен күннің арылмай елесінен,
Қайта, қайта танасың неге есіңнен?
Бір бөлшегі сен едің Жұмыр Жердің,
Сорғалаған қызыл қан денесінен.
Оу, Сарайшық, сен мұнша солармысың,
Әлі талай кеудеңе қонар құсың.
Ұрыс күні көзімнен ағып түскен
Қарашығы көзімнің болармысың.
 Оу, Сарайшық, қан бар ма сен кешпеген,
Оу, Сарайшық, бар ма азап мен кешпеген.
Күңіренген кеудеңнен үн естимін,
Жылы жел боп өмірі елге еспеген.
Сергелдеңге сап қойды сенген елім,
Балықтайын сең соққан сенделемін.
Күңіренген кеудемнен үн естисің,
Көкірегімді тыңдасаң сен де менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу