Эсселер ✍️

  27.04.2022
  184


Педагогтың инновациялық қызметі — заманауи білім беруді дамытудың негізі

Махамбетова Айкуль


Қазіргі қарқынды дамып жатқан ақпараттық — технологиялық заманда, көш жылдамдығына ілесе алмау — болашаққа қадам басуға үлкен кедергі болмақ. Өйткені соңғы жылдардағы инновациялар мен технологиялық зор секірістер — адам баласына ғылым — білім, педагогика саласында асқан қабілеттілік пен жаңа ақпараттарға деген икемділікті басты талап етті. Президентіміз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бізге экономикалық және қоғамдық модернизация талаптарына сәйкес қазіргі заманғы білім беру жүйесі керек. Білімді дамыта білмейтін ел XXI ғасырда сәтсіздікке ұшырайды»-деді. Ал болашақ азаматтың білімдегі іргетасы — сонау балабақшада жатыр.


Музыка жетекшісі ретіндегі ең басты міндетім — бүлдіршіндерді шығармашылық бағытта барынша шыңдау. Ал бұл міндетті атқару барысында маған қойылатын басты талап — көпқырлылық. Яғни, «шығармашылық» саласындағы барлық білімдер мен қасиеттерді өз бойыма сіңіру, инновациялы даму. Түрлі психологиялық қасиеттерді, баламен қарым — қатынас жасау, оларды зерттеу механизмдерін жинақтау, музыка саласында өзімді жетекші, ұйымдастырушы, сценарист, үлгі тұтарлық тұлға, орындаушы әрі тыңдаушы, сенімді әріптес әрі дос рөлінде толыққанды сомдау. Жалпы айтқанда  инновация — жаңашылдық, максималды өнімдімділікті қамтамасыз ететін жаңа идеялар, жаңа технологияларды қалыптасып қалған жүйеге енгізу, пайдалану. Менің максималды өнімділігім — көпқырлылық, жан — жақтылық болса, бүлдіршін бойына осы қасиеттерді дарыту — басты міндетім болмақ.


Менің басты құралым — өнер, балалар ауыз әдебиеті, моральдық — эстетикалық құндылықтар. Ал өнер атаулының бастауын, әрине, ұлттық құндылықтардан іздеген жөн. Айбынды бабаларымыз «өнерлі өрге жүзер», «өнерлінің өрісі кең», «сегіз қырлы бір сырлы» секілді өнегелі сөздерді болашақ ұрпаққа қалдырған. Яғни, түрлі өнер мен эстетикалық құндылықтарды бойына жинақтаған бүлдіршіннен — болашақта еліне қызмет етер азамат шығары сөзсіз. Бұған дәлел, көпқырлы, жан — жақты, өнер десе өнерлі, спортты да қолға алған, дарынды жетекші, ұлтымыздың көреген көшбасшысы — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.


Ал енді өз қызметімде пайдаланатын инновацияларға тоқтала кетсем. Ең алдымен — педагогтың материалдық базамен қамтамасыз етілуі. Бұған әдебиеттер, түрлі үнтаспа — дискілер, музыкалық аспаптар, шығыршықты — шулы ойыншықтар, көріністер мен ертеңгіліктерге қажетті киімдер мен құрал жабдықтарды жатқызамын. Соңғы жаңалықтарға сай интерактивті тақтаны, слайд — презентацияларды, жоғарғы сападағы аудио өнімдерді сағат уақытында пайдалану — педагогтың инновациялық қызметі деп білемін. Өйткені 30 жылдық еңбек өтілімде қалыптасқан түрлі үнтаспа, жаңа сапаға сәйкес емес дискілерді пайдалану — уақыт шығынына алып келеді. Ал бүлдіршіндер көрген нәрселеріне ғана қызығушылық танытып, соған бар назарын ұсынатыны ешкімге жасырын емес. Сондықтан бұл жерде заманауи тақтаны пайдаланып, түрлі суреттер мен презентациялар арқылы балаға көп мағұлмат беруге болады.


Осыдан біраз жыл бұрын, жоспарда бар ертегілер мен түрлі қойылымдарды өлең түрінде өңдеу идеясына тоқталдым, бұл мен үшін бір инновациялық қызмет түрі іспеттес. Қазірге дейін мен үшін де, балалар үшін де — оңай әрі қызықты процесс болып табылады. Өйткені Абай атамыз:


«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» — деп айтқандай, өлең — эстетикалық құндылықтарға ие. Ал ертегілердің игі мақсаттарына өлеңдердің эстетикалық қасиеттерін қоссақ, бұл бүлдіршін үшін тез дамудың бір жолы болмақ.


Бүлдіршіндерді дамытудың тағы да бір қарқынды жолы — мотивациялау (ынталандыру).  Яғни әр бүлдіршін, көрген нәрсесіне ұмтылады. Сондықтан, іскерлік қатынастарымды пайдалана отырып, осы балабақша қабырғасын тәмамдап, өнер жолын таңдаған оқушыларды, студенттерді, бос уақыттарында ашық сабақтарға, ертеңгіліктерге қатыстыру — инновациялық қызметтің бір түрі деп есептеймін.  Қобыз ойнаған, домбырамен ән — айтқан, бірнеше аспапты қолға ұстап қатар ойнаған студенттерді көрген бүлдіршіндер еріксіз таңданыста болады. Және осындай сабақтардан алған эмоциялары — қызығушылыққа ұласады, ал қызығушылық — таным мен үйрену процесін жеделдетеді.


Шығармашылық саласында — түрлі ғылым негізі жатыр десем, қателеспеймін. Қарапайым ғана «Жыл мезгілдері» тақырыбында өтетін сабақтар, маусымдық мерекелер — балаларға әр мезгілдің сыйын, ерекшеліктерін өлең тілімен түсіндіреді. Музыка — тілсіз. Бірақ бұл — түрлі ырғақтағы әуендер, дыбыстар арқылы — табиғат құбылыстарын суреттеуге кедергі емес.  Яғни, қоршаған ортаны өлең, әуен арқылы тану — үлкен  ғылымдардың негізі іспеттес.


Ұлы философ Сократ «Барлық мамандық — адамнан, тек үшеуі ғана көктен, бұл — педагог, дәрігер және сот» — деп бекер айтпаған. Ұстаздық ететін әрбір тәрбиеші, әрбір оқытушы — ерен еңбектің, зор жауапкершіліктің иесі. Әр атқарған жаңашылдық қызметтері, инновациялық идеялары — заманауи білім беруді дамытудың негізі екені сөзсіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу