Өлеңдер ✍️

  27.04.2022
  289


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАМЫСЫ ӨЛГЕН ЕЛ ТІСТЕНБЕЙДІ


Сары орыстың қатпарлы қулығына,
Қандай ұзын құрық та бойламаған.
Түкіргенде су ішкен құдығына,
Обал, сауап дегенді ойламаған.
Жалған емес басқарғаны,
Қуатты елдің асау қанын аздырып, –
Жаншылғанда тасқа арманы,
Суық көрін өздеріне қаздырып.
Жабыдан айғыр салдырған
Қысырақтың үйіріне
Арғымақ тумасын деп.
Жаманды билікке алдырған
Өз халқының қадалып бүйіріне,
Ата жолын қумасын деп.
 Арабы тұқым биеден
Арғымақ тумай,
Ер-тұрманы тозды елдің күмістелген.
Азамат ер ата жолын қумай,
Іштен іріп,
жұрт азды құрыш көрген.
Екіталай күн туғанда,
Жауға мінер ер жігіт ат таппады.
Ел басқарған кіл жаман құтырғанда,
Азамат ер
қуғын көріп салпақтады.
Жамандардың күні туған,
Азамат ер түрмеде шірігенде.
Бірте-бірте Ерлік те ұмытылған,
Болмағасын бірлік елде.
Оқтын-оқтын басын шауып отырған,
Бас көтеріп Ар-намыс тірілгенде.
Қазақ содан бұрынғы өткен өмірін,
Бір жалт етіп өте шыққан түс көреді.
Қайғы-шері қозғағанда көңілін,
Қайрат таппай шарасыз тістенеді.
Қайрат таппай шарасыз тістенеді,
Бара жатқан сұлудай
Қарақшының алдына өңгеріліп,
Бұл –
Дүниенің түскені еді,
Үсті астына төңкеріліп.
Көлдердің де кеудесін күш кернейді,
Жағасында жайқалып қамысы өнген.
Ызалы тістенбейді,
Елдер ғана намысы өлген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу