Өлеңдер ✍️

  27.04.2022
  80


Автор: Рафаэль Ниязбек

КЕЛГЕН САЙЫН ҒАСЫРЛАР ЖАҢАЛАНЫП


Ер қадірін ел неге кеш біледі,
Неге сенің басыңды кескіледі?
Тірісінде асылын танымаса,
Қашан, Маха, қазаққа ес кіреді?!
Ғасыр сайын жаңарып биіктесең –
Жырың қалай киімдей ескіреді.
Күркіреген өр даусың
әлі күнге
Тәңірінің үніндей естіледі.
Көзің әлі ызалы от төге ме,
Маңайыңа қарайсың өктем неге?
Өкпек желі сүйекті сырқыратқан
Қыстан суық көктемді көктем деме.
Мұзы қалың мұхиттың мұзын жарған
Әлі, Маха, ұқсайсың көк кемеге.
Қуат-күшін ұстаған жиып белге,
Өкпең сенің жоқ шығар сүйікті елге.
Көзің тірі кезіңде шыға алмаған,
Ескерткішің қойылған биіктерге.
Мәртебеңді жүргенде ел өсіріп,
Сені қалай құлатсын жел есіріп.
Заман өзін келмесе өшіргісі,
Жоя алмайды тарихтан сені өшіріп.
Шайқаста өлген ерлердің басын даулап,
Найзағайдан жүрмісің жасын аулап.
Сені өшіре алмайды қай ғасыр да,
Жанарыңда жатқанда ғасыр аунап.
 Махамбет-жыр қашанда сүйікті өлең,
Көңіліме қыр-сырын түйіп келем:
Ғасыр сені биікке тұр көтеріп,
Себебі өзі
сен арқылы биіктеген.
Замандардан заманға дараланып,
Тұлғаланып,
Сомдалып,
Сараланып, –
Өлмей мәңгі жасарып,
биіктейсің –
Келген сайын ғасырлар жаңаланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу