Өлеңдер ✍️

  26.04.2022
  112


Автор: Жанат Жаңқашұлы

Қазыбек баба рухына

Қаз дауысы қалықтап,
Қыдырдай боп қадірі,
Алатаудай заңғарым,
Заманынан зады ірі.
Хан біткеннің қасқасы,
Би біткеннің әділі!

Күміс сақал -- кеудеңе,
Құлап аққан бұлақтай,
Қос жанарың түнекті тінткілеген шырақтай.
Сен Алаштың Ақ туын,
Аман сақтап қалғансың,
Құлатпай!

Қонтайшының қолқа етін суырып,
Қолтығын сөгіп кеткенсің,
Сен жеті атаңнан жілік майы үзілмеген,
Қаракөк тұқымды тектенсің.
Көктен жерге уахи алып жеткенсің,
Жерге сосын аспандай боп кеткенсің!

Әулием менің,
Әз бабам,
Кие бопса қонып қаздағы ән.
Қомсынып тұрған қонтайшы дағы даусыңа,
Арбалып қалып,
Алжасып кете жаздаған!

Сен ханға қаратып айтып,
Қараға даусың жеткіздің,
Алашыңды қыл өткелден өткіздің.
Саған қарап садағына қол салған,
Сардар ұлдар,
Борышымыз көп біздің.

Қаз дауысың талып жетті,
Киең шығар деп білдім,
Шындық деген жүзіменен жүру депсің өткірдің.
Уа, Би-ата, біздің заман өтіріктің ордасы,
Мені өтірік өлтірді де,
Ботақандай көрге тірі көп кірдім.

Әруағыңнан айналайын,
Тәңіріқұт би едің,
Кепиетті қара нарым, киелім!
Зәузатыңнан Тәттімбет кеп тербеп өтті күй елін,
Мәдиді айтсам сыздайды неге сүйегім?!

Уа, Қаз дауысты Қазыбек би,
Қазаққа ұстын ұл едің,
Тіліңде еді тілегің,
Түкті еді жүрегің!
Сен бізді Тәңірге аманат еттің,
Азатпыз,
Әлсін-әлсін сырқырайды тек білегім...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу