Өлеңдер ✍️

  26.04.2022
  364


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАСИЕТІ БОЛМАСА КӨК БӨРІ ЕЛДІҢ...


Кісі болмай соңыңнан іздеп келген,
Күнің аз ба қабаққа мұз бөктерген.
Жанға батып жалғыздық
көк аспанда
Тырналарға қарадың тізбектелген.
Неге,
неге ел жақтан жел еспеді,
Туған жердің жат па еді белес-белі?
Қырда көшкен көк сағым
көзіңе ылғи
Қыз Жібектің көші боп елестеді.
Жырлап келген зар-мұңын өрелі елдің,
Кеудең – өрттің,
жүрегің төрі – өлеңнің.
Алты аққуға қызықтың аспанда ұшқан
Алты аққуы шығар деп Төлегеннің.
Бірлігі елдің қақырап сөгілгенде,
Жоғалтады келбетін көңілді ер де.
Жалғыздығың есіңе түсті талай,
Жалғыз қыран көгіңнен көрінгенде.
 Сілкінгенде көзіңнен мұң қашатын,
Күрсінгенде жүрегің қырға асатын.
Жалғыздықтан сескенбей
жалғыздықты –
Серік еттің оңаша сырласатын.
Тұс-тұсыңнан жауыздық антыздаған,
Күнің бар ма ызалы қан қызбаған.
Заманынан озғандар
өзің құсап –
Қалың елдің ішінде жалғыз қалған…
Қайтарсам деп жұртыңның көктем күнін,
Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірің.
Азаттығы үшін де азап шеккен
Таңдадың ба тағдырын көк бөрінің.
Өжет ердің бірі едің, өктем ердің,
Болашақтың көзінен көктем көрдің.
Сен Махамбет болмас ең
тал бойыңда
Қасиеті болмаса көк бөрі елдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу