Өлеңдер ✍️

  26.04.2022
  382


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛІН ҚОРҒАУ ҮШІН ДЕ…

Тіршілікте осынау құйындаған,
Махамбеттің тағдыры қиындаған.
Шырқ айналып Нарында жалғыз жортты
Қарсақтайын қар үстін шиырлаған.
Жаудан қашып құтылса, бір қуанып,
Айналасын шолғындап тұрды бағып.
Ыза-ашуын жер-көктің бойға жиып,
Көкірегінде жатты өзен жұлқып ағып.
Бұлақ жоқта жосылған мың бұралып,
Қақтың суы кезіксе, бір қуанып.
Шербет көріп,
тұндырып сүзіп ішті,
Көйлегінің етегін жыртып алып.
Тұман басып күн көзін төккен арай,
Ер Махамбет көз жұмсын текке қалай.
Төбесінен қаз ұшса,
бір қуанып,
Садақ оғын жөнелткен көкке қарай.
Киік атып алса да, бір қуанып,
Көкірегі күй төккен күмбір қағып.
Қыр басында тұрғаны тік шаншылып,
Қара жерге сіңердей бұрғыланып.
Көзі қайдан күледі күміс шашып,
Қараулықпен жүрсе егер қылыштасып,–
Ел қорыған Махамбет
енді, міне,
Өз басы үшін тағдырмен жүр ұстасып.
 Біреу төгіп кеткендей асын қорлап,
Жыр төгеді найзағай – жасын толғап.
Елін қорғау үшін де,
қандай ер де
Тіршілікте күрескен басын қорғап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу