Өлеңдер ✍️

  26.04.2022
  343


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБАЙ ЖАҚҚАН БІР СӘУЛЕ

Қазақтың құтты құрсағы,
Ұлылардан кенде болмаған.
Бұрқаса да тағдыр бұршағы,
Ерліктің жырын толғаған.
Басыңа қатер төнгенде,
Жыққалы сені орға атып.
Қапыда солай өлгенде,
Кең далаң жатты толғатып.
Ажырап қуат, шырайдан,
Ерліктің туы құлаған.
Уақыт енді Құдайдан
Данышпан ақын сұраған.
Екі жыл салып араға,
Ұлы Абай келген өмірге,–
Көз салып байтақ далаға,
Көз салып қанды өңірге.
Қалжырап дала жатқанда,
Сұм қанша жұртты сорлатқан.
Ұлы Абай шырақ жаққанда,
Бір сәуле саған жол тартқан.
Мерт болып қырық үш жасыңда,
Жатырсың болат құрсанып.
Ұлы Абай жаққан бір сәуле –
Қабіріңнің басында
О, Махамбет, тұр жанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу