Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАННЫҢ ҚАНЫН МОЙНЫҢА ЖҮКТЕГЕНДЕ


Ақын едің,
күйші едің,
өнерлі едің,
Қамын ойлап халықтың не көрмедің.
 Тау басына тұрғанда күнің шығып,
Дүмділерді қозыдай көгендедің.
Тамырыңа сонда да қан жүгірмей,
Сортаңда өскен ағаштай көгермедің.
Қашып-пысып жүргенше құм Нарында,
Жәңгір ханның қолында неге өлмедің?!
Арлы анадан алаулап туғаныңда,
Кісінеген боз айғыр құм Нарында.
Тұрған еді көкжиек нарттай жанып,
Құбылаға мойныңды бұрғаныңда.
Бұрғаныңда мойныңды құбылаға,
Көкжиектен көңілің жыр ұға ма?
Өрт ішіне сүңгідің нарттай жанған
Жеткізсем деп еліңді шұғылаға.
Сарсылғанда тірліктің қыбын таппай,
Арман – туын жүр дейсің кім құлатпай.
Теңдік алып еліңе бермек болдың,
Көкжиекке тұрғанда күнің батпай.
Желбіретіп ту тіккен нар төбеге,
Сендей ерлер өз халқын Ар көре ме.
Қабырғалы қазақтың қамы еді ғой,
Өшіккенің өлердей хан-төреге.
Қырға шықса, қиқулап аң аулаған
Төрелерді жек көрдің танаулаған.
Тәнін қарып, өзегін сан өртедің,
Сардалада өрт болып алаулаған…
Жасығанда жігерін қайрап елдің,
Уа, Махамбет, қай кезде қайғы ембедің?!
Жәңгір ханды шындасаң өлтірер ең,
Қанын жүктеп мойныма қайтем дедің.
 Үйіріліп тұрса да бұлт төбеңде,
Бір қайырым өзіңнен күткен ел де.
Сенің сардар басыңа сын болар ед,
Ханның қанын мойныңа жүктегенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу