Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  286


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЙБЫНДЫ ЕДІ МАХАМБЕТ АТҚА МІНГЕН


Махамбетті ер етіп ғасыр туған,
Жәңгірді де хан етіп ғасыр туған.
 Жәңгір бетін жуғанда ағын сумен,
Махамбеттің жанарын жасын жуған.
Ұғыса алмай өшігіп ұстасардай,
Сонда екеуін не нәрсе ашындырған?!
Бір-біріне не шара жат қылғасын,
Неге тартсын жаулықтан аттың басын?
Бақ қуғанда Махамбет ер атанып,
Неге Жәңгір жылмаңдап тақ қумасын?!
Айы оңынан туғанда тақ қуғанның,
Соры арылмай сарсылған бақ қуғанның.
Бақ қуғанның талайы шөлден өлген
Шүмегі де қараспай ақ құманның.
Тоздырғанда Жәңгір хан елін қорлап,
Ер Махамбет жүректен шерін толғап,
Атқа қонған ақырып,
зұлым күштер
Қасіретпен қойғанда жерін торлап.
Құзырлыдан жымысқып жатқа күлген,
Сардар артық емес пе сапқа кірген.
Таққа мінген Жәңгірден,
не десең де,
Айбынды еді Махамбет атқа мінген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу