Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ БІТПЕК ЕМЕС МАЙДАНЫ


Ібілістің күшейгенде сайтаны,
Ізгіліктің құлындай ма байталы.
 Жер бетінде жаулық барда,
жау барда,
Махамбеттің бітпек емес майданы.
Асау қанда Ар-намыстар бұлқынған,
Қарау жандар қару алып жұлқынған.
Бірі –Ақтан,
бірі – Қара киініп,
Екі дүние бір-біріне ұмтылған.
Төбесінен айқыш-ұйқыш оқ ұшып,
Екі дүние келеді әлі соғысып.
Бүтін дүние қақ бөлінген екіге,
Қай жағы да жақтасына болысып.
Бейбіт күннің тыныш өтпес сайраны,
Соғыс құмар сұмдар көп те қайдағы.
Екі дүние ұғынысып бірікпей,
Махамбеттің бітпек емес майданы.
Жүрсе егерде бірін-бірі жойғалы,
Дүниенің қайдан бітсін ойраны.
Қаруланған қара жүрек зұлымдар,
Жұмыр жердің миын жүр ме ойғалы.
Кеңес жұртын басқарғанда қайдағы,
Сыпырылды елдің асыл қаймағы.
Қорқауларға жем болмас ед арлы Алаш
Махамбеттің жанығанда қайрағы.
Атқа қонса қыран құстай баптанған,
Ата қазақ Махамбет боп шаттанған.
Отан қорғау соғысында
қазақтар–
Қалың жауға Махамбет боп аттанған.
 Туған елдің тауға салып қайратын,
Туған елдің Айға асырып айбатын,–
Алтын құйып емдесең де құрсағын,
Махамбетті тусын қайта қай қатын.
Тәуелсізбін,
жұртым өжет пішінде,
Жаулары да буырқанған күшінде.
Қара ниет қорқау қанша бұғынған
Қабырғалы қалың қазақ ішінде.
Махамбет кеп жанып-жанып кетеді,
Елімді ылғи ұйықтап жатқан түсінде.
Адамзаттың серттен, сірә, тайғаны –
Соғыс ашып, көздегендер пайданы.
Жер бетінен зұлым күштер жойылмай,
Махамбеттің бітпек емес майданы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу