Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙ ӨЛГЕН СЕН ЖОҚТА


Исатай ердің барында,
Жарқырап жанған бағың да.
Бөрілі Байрақ көтеріп,
Бөрідей жорттың Нарында.
Тізеңмен бұзып өтуші ең
Жайықтың мұзын, қарын да.
Ол жоқта жанға ұқсадың,
Адасып қалған сағымда.
Желкелеп тағдыр-жетімді,
Жігерің тас боп жетілді.
Исатай барда
атылдың
Қос ауыз мылтық секілді.
Құзғын құс жаумен құрамдас,
Алдыңда сенің тұра алмас.
Исатай – семсер болса егер,
Сен едің қанжар мұқалмас.
Қарау күштермен айқасып,
Жоғалдың сонда қайда асып.
Исатай өлген сен жоқта,
Жауымен қырғын шайқасып.
Осал тұсты анық білгенде,
Сұм ажал жетер бір демде.
Өлмес еді қайран Исатай
Қасында өзің жүргенде.
 Астыңда аты ойқастап,
Ақ сауыт киген қол бастап,
Исатай ерді қатерден
Періштесі ең жүрген қорғаштап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу