Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  157


Автор: Рафаэль Ниязбек

НЕГЕ БАТЫР МАХАМБЕТ ХАН БОЛМАҒАН?


Арғымақта көп жортқан жал болмаған,
Ер жігітте көп жортқан мал болмаған.
Жортуылдап жүргенде ат байлайтын,
Құлан ішпес қақ суда тал болмаған.
Жақсы бар ма қасына шаң қонбаған,
Судан таза болған-ды Ар қолдаған.
Қырық ханнан ақылы тұрса да асып,
Неге батыр Махамбет хан болмаған?!
 Ақ орданың алдына ат байлаған,
Махамбетті тағдыры қақпайлаған.
Қанды балақ қарақшы заманына,
Орақ ауыз, өрт тілі жақпай қалған.
Құзырлының есігін айқара ашып,
Құзырлымен кірсе егер тайталасып,
Кім жақтырсын,
өзіне сор болған-ды,
Ақ ордадан тұрғаны айбары асып…
Уақыттың көздері шел басқанба-ай!
Неге ордаға кірмейді ер жасқанбай?
Ақымақтың жүргені атын байлап,
Ақыл неге сорлайды ел басқармай?!
Неге Ақылды жүреді жат көрініп?..
Ар-намысы қамшыдай қатты өріліп, –
Қалың қазақ қарадан хан шықса егер,
Кетпес еді қара жер қақ бөлініп.
Жараспайды өрісті, өрелі елге,
Жетегіне төренің көне берме.
Ақсүйектің қанында жоқ па арамдық,
Неге тізгін береміз төрелерге?!
Жақсы бар ма қасына шаң қонбаған,
Судан таза болған-ды Ар қолдаған.
Қырық ханнан ақылы тұрса да асып,
Неге батыр Махамбет хан болмаған?!
Ұнамайтын жігіттің арыстаны,
Уақыттың ақылы ауыспалы.
Махамбетті хан етіп сайламаған,
Махамбетпен жеке өзі алысқалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу