Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  105


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАН ТҮС КӨРГЕНДЕ


Сұлтан жолай бір үйге түстенеді,
Қой етін жеп,
қымыз да ішкен еді.
Астан кейін жастыққа қисайғанда,
Көзі ілініп, үрейлі түс көреді.
Неге екені белгісіз бір Жұмыр Бас
Бұған сұсты қадалып тістенеді.
Азу тісі ашулы сақылдаған
Бұл – Жұмыр Бас тағдырды тақымдаған.
 Зеңбіректің шар добы секілденіп,
Ауада ұшып, қалықтап жақындаған.
Кімнің Басы екенін танығанда,
Қатер күтіп тұр деді анық алда.
Сұлтан демін ала алмай қатты сасқан
Сұсты ызғары жүрегін қарығанда.
Басы –
кегін қуар деп кім ойлаған
Ақын Басы қапыда шабылғанда.
Көз жанары ызалы ұшқын атып,
Көктен тұрған секілді құс құлатып.
Кекті ызадан өртеніп,
Суық сорған
Қарш-қарш шайнайды мұзды уатып…
“Оқ атпаған даланың кептеріне,
Қай бетіңмен қарайсың текті еліңе.
Сұлтан, менің Басымды шаптырдың-ау,
Генералдың қызығып шекпеніне.
Ақыл қашып, кісіден ес кеткенде,
Сатылады сен құсап шен-шекпенге”, –
Деп ызалы Жұмыр Бас сұстанады,
Айбар болып қайықты, ескекті елге.
Махамбет те бір елдің арыстаны,
Келмегенін сезген соң табысқалы, –
Баймағамбет неге енді шошынбасын,
Басы –
ақынның жетсе егер шабысқалы.
Бұл не сұмдық?
Не нәрсе шырықты алған?
Ойы қайда жоғалған сұрыпталған?
 Ақын – ғұмыр жалғасып Болашаққа,
Сұлтан неге ойыннан шығып қалған?!
Кісінеме, ей, сұлтан, кісінеме,
Жаның сенің өр рухты түсіне ме.
Жаралса егер аспанда самғау үшін,
Самғамасын ақынның құсы неге?!
Болашаққа бұлақтай тұнып барған,
Махаң қашан ел бұзып, шырықты алған.
Оу, Байеке, қарасаң көзіңді ашып,
Көкірегіңе ой жиып сұрыпталған:
Көкке асылып
шарайна күн секілді
Ақын Басын көресің тұрып қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу