Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАОЙДЫҢ ҚАСИЕТІ

Азаматын қашанда өрде көрген,
Табиғат та кей-кейде жөнге көнген.
Көз жіберсең Қараойдың жазығына,
Шаңыраққа ұқсайды дөңгеленген.
Қанды жасы көзінен тарамдалған,
Тажал болып төнгенде заман – жалған.
Қаптаған жау тұсынан көрмей өтіп,
Шағын жұрты Қараойдың аман қалған.
Бір шындыққа бастаса арман – елес,
Көңіл туын көтерген тарлан белес.
Ер Тарғынның Қараойда ат шалдырып,
Бір күн түнеп жатқаны жалған емес.
Бұлақтары ақпаған бұлай налып,
Жатушы еді Қараой шұрайланып.
Қасиеті болмаса,
Төлегеннің
Алты аққуы өте ме бір айналып.
Сары сайтан түртпектеп жел бере ме,
Түкіреді біреулер жерге неге?
Қасиеті Қараойдың тартпаса егер
Махамбеттің сүйегі жерлене ме?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу