Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  168


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ ЖҰМЫР БАСЫ

Махамбетпен бірге, әне, сөнген арай,
Ей, Ықылас, шығасың төрге қалай?..
– Қап!.. Қап!!. Қап!!! – деп өкінген ақын Басы
Бара жатты домалап өрге қарай.
Қызыл қаны өрт болып далаға ақты,
Күңірентіп ел ішін, дана қартты.
 Ақын Басы ылдиға домаламай,
Өрге қарай домалап бара жатты.
Кімдер құран оқысын тұра қалып,
Ел ішіне жүрсе егер сына қағып.
Жұмыр Басты соңынан қуды бәрі,
Түскендей боп ізіне шырақ алып.
Қапыда ақын ажалын құшпағанда,
Қалмас еді дәл бұлай қысталаңда.
Ықыластың бетіне ызалы Бас,
Былш еткізіп түкірген – ұстағанда.
Кімге – жұмақ бұл өмір, кімге – абақты,
Күңіреніп кең дала мұңға батты.
Қараулықтың алапес қоржынында,
Көз жұмса да Жұмыр Бас тулап жатты.
Қайдан тусын толғатып кіл ұрғашы,
Енді қайтып белгілі туылмасы.
Екіталай күн туса,
қалың елдің
Басқа киер Махамбет дулығасы.
Қалай сыйсын қоржынға
Тірісінде
Кең дүниеге сыймаған Жұмыр Басы!
Айналса да Махамбет күйікті ерге,
Жоғалтпаған сүйкімін сүйікті елге.
Ақын Басы қоржында қалай жатсын,
Қақ айырып, жол тартқан биіктерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу