Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  223


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛІМ НЕГЕ АРЫСТАН ҰЛ ТУАСЫҢ?


Қайғы, азап боп суырып күнде еліме,
Мәз емес пе жер басып жүргеніне.
Қасқыр ішік болмаса үстіндегі,
Баймағамбет тұра ма бір теріге.
Бір теріге өз басы тұрмағасын,
Мені көріп, ол неге туламасын?
Қарғы баулы төбеті болса егерде,
Патша әмірін ол неге тыңдамасын?
Ел ішінде ит көп те абалаған,
Қалың жұртты ер бар ма сағалаған.
Менің жұмыр басыма бәйге тігіп,
Баймағамбет мың сомға бағалаған.
Тігілсе егер бәйгеге жұмыр басым,
Неге қылыш Махамбет суырмасын.
Азамат ер тұра ма атқа қонбай,
Қарақшы боп қоғамы құрылғасын.
Өткен жолы қарайлап текті еліме,
Өкінемін өлтірмей кеткеніме.
Текті еліме не дейін ара түскен,
Ара түспей Ар қуған кекті еріне?!
Қаным неге ендеше туламасын,
Сілкіндіріп Нарынның құм-даласын.
Ел қауқарсыз бола ма сұм билеген,
Семсердейін сүйеген шыңға басын.
 Бұндай шақта тал қармап бұлқынасың,
Бір жығылып,
орныңнан бір тұрасың.
Шыбын жаның құландай шырқырамай,
Шаң боратып жер қайдан бұрқырасын.
Солай болса тағдырдың жазуы егер,
Қайда қашып, ойпырмай, құтыласың.
Қолдан берсең арыстан бір ұлыңды,
Елім неге арыстан ұл туасың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу