Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  275


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ ЖАРАҚТАРЫ НЕМЕСЕ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАНҒА АЙТҚАНЫ


Байланғанбыз бәріміз қыл арқанға,
Ажал жетсе,
өлмесін кім арманда.
Ақ алмасым көкте ойнап жарқылдаған,
Дұшпанымның қанына суарғанда.
Кейде көзден жас емес, қан тамшылар,
Өзегімді өртейді жанған шынар.
Қасқа жолдар – белдігім болар, бәлкім,
Шұбатылып даламда қалған шығар.
Текке жортып жүрмін бе белең-белде,
Ар-намыстың күшіне сенем мен де.
Қынабында алмасым дамылдайды,
Хан мен қара теңесіп, теңелгенде.
Ай туғанда көгімнен қияқтанып,
Жүрмін әлі жорыққа жиі аттанып.
 Дулығалы өр басым тұрған жоқ па,
Асқар таудың бір құзы сияқтанып.
Шыбын жаның кеудеңде үйірілген,
Кірсе егер де көк найзам бүйіріңнен.
Қара жерге өкіріп сен құларсың,
Ала айғырдай адасқан үйірінен.
Тыңда мені!
Барасың қайда асығып?
Сені қайдан қайрасын Қайғы ашынып.
Атқан оғың өтпейді сауытымнан,
Жеңсең мені жеңерсің айла асырып.
Айла асырып бірақ та жеңем деме,
Ақ көйлегім – ақ желкен, денем – кеме.
Өзім болсам садақтың адырнасы,
Атылмасын алысқа жебем неге?!
Түңілгенде тірліктен суып қалып,
Қуат алам жырымнан рухтанып.
Қайда қашпа,
желкеңнен қадалады,
Атқан жебем соңыңнан қуып барып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу