Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  166


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ ИСАТАЙМЕН ҚОШТАСУЫ


Арман құсың тұрғасын жоғары ұшып,
Дос болып ем өзіңмен қол алысып.
Қасарыспа мінезге көшкенсің бе,
Көңіліңде жібімей тоң қарысып.
Арпалысқан шипа іздеп жаралы елге,
Мін тағуға бола ма саналы ерге.
Айтқан тілді алмайсың қасарысып,
Қарсы біткен бұтақтай қара еменге.
Қара құйын суырған белес-белде,
Не түседі тілді алмай егескенде.
Қай мәселе шешілмей қалушы еді,
Сағым қумай сабырлы кеңескенде.
Шайқастарда жауына төнген өлмей,
Ер жігітті бола ма өрде көрмей.
Хан ордасын шабатын қызба шақта,
Тұрып алдың жолымда жөнге көнбей.
Қайда,
қайда жоғалған асқақ әнің?
Жанға батты бетімді жасқағаның.
Оу, Иса-еке, жеңіске бастап тұрып,
Жеңіліске бұл қалай бастағаның?!
Кермесіне Ерліктің ат байлаған,
Батыр едің ел үшін баққа айналған.
Болады, айтшы, қылышта не қасиет,
Шабар кезде жау басын шаппай қалған?!
 Тілді алмадың жалынып өтінгенде,
Жармай алар жау көп те өтіңді елде.
Тірі болсаң, шапқылап бір жетерсің,
Ала өгіздей көрімде өкіргенде.
Жайшылықта көзіме мұң тола ма?
Мен кетемін қасыңнан бұл жолы, аға.
Хош болып тұр, Иса-еке,
мен кетемін,
Енді қайтып көрісер күн бола ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу