Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  282


Автор: Рафаэль Ниязбек

БИЛІК – БИЛІК ҚҰРМАС ЕД…

Қайран қазақ алысқа көз салғанда,
Шабар еді алысқа боз тарлан да.
Хан тағынан қаңбақтай ұшар еді,
Халық болып,
ел болып қозғалғанда.
Сайтан келіп, араға кіріккенде,
Кімдер және салмасын іріткі елге.
Басынады қандай күш
бүкіл қазақ
Жұдырықтай жұмылып біріккенде.
Бір-бірінен ағайын суынғанда,
Желбіретіп ұстай ма туыңды алда.
Жасқанбасын қандай күш
жалқын шашып,
Бүкіл қазақ қылышын суырғанда.
Ата жолын,
Ар жолын жақтағанда,
Айбар неге болмасын атты адамда.
Төтеп берсін қандай күш
қаһарланып,
Бүкіл қазақ тасқындап қаптағанда.
Көздерінің қойғасын нұрын алып,
Оққа кеуде кім тоссын бұрын барып.
Әр төбеде шашылып қала берген
Қасқыр тартқан терідей жырымдалып.
Елде жүрген ер қанша жасын атпай,
Беттен қағып заманы бақ сынатпай.
 Билік – билік құрмас ед
бар қазақты
Ұстаса егер бір жерде шашыратпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу