Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  307


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕҢІЛМЕС ЕДІ ИСАТАЙ

Исатай басшы болғанда,
Махамбет қосшы болғанда.
Қарағайға қуат біткен-ді,
Қасқайып өскен орманда.
Исатай басшы болғанда,
Махамбет қосшы болғанда.
Қара орман қазақ күн кешкен,
Құрыштан құйған қорғанда.
Исатай басшы болғанда,
Махамбет қосшы болғанда.
Найзаға түгел айналған
Сарбаздар атқа қонғанда.
Самайын қырау, қар шалған
Исатай кенет жар салған…
Зеңбіректі қалың әскерді,
Бекетай құмда қарсы алған.
Заманы тұрса тарынып,
Не істейді бәрі жабылып?
 Ортасын кеткен ойрандап,
Зеңбірек добы жарылып.
Қазаққа қайғы, мұң берген,
Орысқа қару, жын берген.
Зеңбіректі қалың әскерді,
Қылышпен шауып кім жеңген?!
Қырылып Алаш баласы,
Қан жұтты қазақ даласы.
Азамат ерлер оққа ұшты,
Аларып көздің қарасы.
Айналған қанды өзенге,
Жайықтың жалпақ саласы.
Ақырып теңдік сұраған,
Ер қанша оқтан сұлаған.
Орыстың добы ор қазып,
Арғымақ қанша құлаған.
Қынадай қырып салғанда,
Кеткендер қанша арманда,–
Ағашына арсыз ажалдың,
Қазақты әкеп таңғанда.
Кеудемен соғып, қақпа ашып,
Үйренген жауын тап басып,–
Жеңілмес еді Исатай,
Алдынан түлкі – бақ қашып.
Опасыз жалған
орысқа
Кетпегенде жақтасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу