Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  117


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИСАТАЙДЫҢ МАХАМБЕТТІ САБЫРҒА ШАҚЫРУЫ


Қой бастамай серкелер серке бола ма,
Қара кесек еті жоқ желке бола ма?
Буырқанған ашуды тізгіндеп ұстап,
Ақылдасып пішкен тон келте бола ма?
Ақыл барда ашылмас қақпа бола ма,
Күшті болсаң кең далаң жатқа тола ма?
Қынабынан суырып алмас қылышын,
Қыру үшін сарбаздар атқа қона ма?
 Үміт артпай өрісті, өрелі еліне,
Қара қазақ сенген-ді төрелеріне.
Бәрін,
бәрін ақылға жүгіндіремін,
Көнбесе егер от жағам төбелеріне.
Жөнге көніп, басымыз бірікпегенде,
Не істеймін тізгінді ірікпегенде?
Ат көтіне сүйретіп,
соғымдай сойып,
Не түседі Жәңгірді жіліктегенде?!
Маған қалай Жәңгір хан майдан ашады,
Қоршап тұрсам,
ол шіркін қайда қашады?
Асу бермес айбынды асқар тау болсам,
Оқ аспаған басымнан қайдан асады?!
Неге ендеше көнбесін талаптарыма,
Қара жердің сіңбесе қабаттарына.
Көкке ұшса да соңынан қуып жетемін,
Қыран құстың жармасып қанаттарына.
Ақылымнан мен әзір адасқан жоқпын,
Сүйенсем де сарбазым- жарақтарыма.
Алған беттен Исатай қайтады деме,
Шағым айтып барсаң да Жаратқаныңа.
Не көрсем де бұл жолда шыдап төземін,
Халқым жетсе болғаны абат бағына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу