Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  86


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕРІ БАТЫР БОЛМАСА ҚОЛ БАСТАҒАН


Дауыл тілеп тұрғанда отты өлеңім,
Әлі талай азапты өткеремін.
Болашақ күн бәрібір дәлелдейді,
Махамбеттің босқа қан төкпегенін.
Болашақты болжасам күн ілгері,
Өмірге әсте келмеппін түңілгелі.
Көрінемін күні ертең бір биіктен,
Ат үстінен көрсе елім бүгін мені.
Жортып жүрсем Нарында құм суырған,
Бұның бәрі тағдырдың қырсығынан.
Елдің жайын ойласам,
тал бойымда
Асау қаным бір ысып, бір суынған.
Заманды ерттеп мінбесең бас біле ме,
Көк бөрідей бір соғып тұмсығынан.
 Бақыт тілеп халыққа,
дүйім елге,
Құрық неге салмайын құйын-желге.
Қызыл бидай секілді бүтін шығам,
Заман мені тартса да диірменге.
Ел қамын жеп анадан туылғасын,
Қылыш неге Махамбет суырмасын.
Атқа мінген жоқпын ба,
кілең дүмді
Жұрттың жанын табаға қуырғасын.
Жер түбінен дұшпанды қалтыратып,
Алысқа әлі жебе атам аңыратып.
Қыңқ етпейтін ер керек бұл жорықта,
Қабырғасын сөксе де қақыратып.
Не істеймін азапқа төзбегенде,
Мен төзбесем –
төзе ме өзге пенде.
Адырнасын садақтың соза тартам,
Жауымды ылғи алыстан көздегенде.
… Сарбаз бар ма бірге елді қорғаспаған,
Ауыртпалық түскенде қолдаспаған.
Батыр елге бұл қазақ айнала ма,
Ері батыр болмаса қол бастаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу