Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  94


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОҒЫСА МА ӨЗДІ-ӨЗІ…

Кісіліктің көз жазып арайынан,
Сыбағаның қол үзген талайынан, –
Қазақ неге өзді-өзі соғыспасын,
Жалаңдаса жау іздеп маңайынан.
Жеткен бойы қырды асып,
қайқаңды асып,
Жатқаны ылғи өзара майдандасып.
Заманға артып кінәні
содан кейін
Қауышады қайтадан жайраңдасып.
Арада апта өткенде
Айғырлардай
Шайнасады өзара қайта айқасып.
Сылтау етіп соғысқан жесірін де,
Кей қылығы бұл жұрттың кесір мүлде.
Қанжар неге өскенде ұстамасын,
Қанжар жастап үйренсе бесігінде.
Қырқысқаны өзара –
жаттығу ма,
Бодандықтың жүрген соң есігінде.
Отырса жөн жер жетпей сығылысып,
Жүргендері ұстасып,
қырылысып.
Бір ауылдың үстінен –
соғысады,
Бір ауылдың өтсе де шыбыны ұшып.
Араздықтың жарыса уын ішіп,
Бір-бірімен жүр неге суынысып?
 Кейде қотыр тай үшін
қылыштарын
Шыға-шыға келеді суырысып.
Қара құлып есігін бұзып ашып,
Сүйгенімен кетсе де қызы қашып,–
Сойылдасып жүргені
жылқылардай
Табысудың орнына шұрқырасып.
Бұл қазаққа нендей күш жел беретін,
Әдет тапқан жау жоқта сенделетін.
Соғыса ма өзді-өзі
маңайынан
Өзіне ылғи жау таппай тең келетін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу