Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  97


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛ БАСҚАРҒАН ЖҰРТ ТҮГЕЛ ҚҰЛҒА АЙНАЛҒАН


Ішін желге толтырған бүйендейін,
Сені өлеңмен ауырсаң жиі емдейін.
Нағашының жүгірген атын ерттеп
Қол қусырман бірақ та жиендейін.
 Елде тірі жүргенім күйік болды-ау,
Көзге шыққан сүйкімсіз сүйелдейін.
Күн туғанда басыма екіталай,
Неге елімді пір тұтып сүйенбейін?!
Жетпесем де,
Жетсем де тілегіме,
Туған елдің жол тартқам жүрегіне.
Бөле алмайсың ендеше мені елімнен,
Айналсаң да жалғанның тірегіне.
Азап-қайғы тұралап ел шеккенде,
Бір сұлтансың сатылған шен-шекпенге.
Шен-шекпенге неге оңай сатылады,
Еркек бала егесіп ержеткенде.
Соған мен де түсінбей таңданамын,
Сардар ері болғасын сардаланың.
Құл болуға бұл казақ жаралған ба,
Құрсағынан шықса да арлы ананың.
Шен-шекпенге ауғасын есің мүлде,
Қалай ғана жол тартсын көшің күнге.
Өзің құл боп жүрген соң ақ патшаға,
Жұртты ұстағың келе ме есігіңде?!
Мұз төсеніп,
басына қар жастанған
Ел ішінде өзіңнен кім жасқанған?
Құл басқарған жұрт түгел құлға айналып,
Пірге айналған ел ғана пір басқарған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу