Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  248


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСҚАР АЛТАЙ

Қырдың момын қазағын жетім көріп,
Өмір күліп көрді ме бетін беріп.
Бұрындары Өскемен көрінетін
Сары орыстың қаласы секілденіп.
Зауал туып, тайғанда Ар тағынан,
Арыс қанша елді ойлап, жаны арыған.
Қара Ертістің қайғысы мұз боп қатып,
Жүрегімді ызғары сан қарыған.
Көкірегін жылытпай қызыл арай,
Бұлт жамылған Алтайдың құзы талай.
Көктем болып жетпесең Өскеменге,
Қара Ертістің ерісін мұзы қалай.
Ұлтқа тұтқа ұл туып асқаралы,
Қараулықтың бұзылған тас қамалы.
Көкжалданып бұл қала шыға келген
Көкжал бөрі жігіттер басқарғалы.
Жат қорлыққа шыдамай түңілгенде,
Намыс атқа қонатын дүбірлі елде.
Ескерткіші Абайдың бой көтерген
Шымылдығы Шындықтың түрілгенде.
Керуені жол тартқан күнге қарай,
Өскеменнің көзінде күлген арай.
Алты Алаштың рухы боп бұл қалаға
Жететінін ұлы Абай білген қалай?!
Күрең күндер жоғалып құрсаулаған,
Бүкіл Алтай өңірін жыр жаулаған.
 Абай Алаш Рухы боп жеткен күні –
Өскеменнің көгінен нұр саулаған.
Қызыл бидай жайқалып сабағында,
Жұрттың бәрі бақ құшқан жамалында.
Туған елдің үміті үлбіреген
Өскеменнің жанып тұр жанарында.
Төбесінде қоңыр бұлт үйірілген,
Таулар аз ба жел мұжып, жиі үгілген.
Қандай қилы күнде де көрген емес,
Асқар Алтай төмендеп биігінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу