Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  264


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБАЙ

Абай ішкен у құты күміс еді,
Қарағанның көзіне күн түседі.
Ұлы Абайдан қалған у тәбәрік қой,
Тәбәрікті мен ішпей кім ішеді?!
АВТОР.



Сайын дала,
Сарыарқа сайран бағы,
Атақ-даңқың кетті асып айдан да әрі.
Құдайсың деп айтуға қорқып тұрмын,
Өлең-жырдың ақ арыс пайғамбары.
Ел-жұртыңның жүрегін арайламай,
Туа қалсын өзіңдей Абай қалай?
Жалғыз керуен өзіңсің күнге тартқан
Дауылдар мен жауынға қарайламай.
Түгесіліп тағдырдың шырғалаңы,
Жаңа-жаңа ашылса сұр қабағы.
Мына жарық жалғанда
Абай, сенсің
Он сегіз мың ғаламның бір ғаламы.
Мұң-қайғы езіп, еңсесін жиі басқан,
Сиқы кетіп, елің де күйі қашқан,
Бар ғаламның қараған төбесінен
Абай, сенсің жеті қат биік аспан.
Жидебайдан ақ самал ескен ерен
Тынысың ба
жүйрік боп төске өрлеген.
 Кең даланың өзіндей
Абай, сенсің
Замандардан заманға көшкен өлең.
Көшкен өлең –
сарбазың жебе тартқан,
Зұлматтарды шыңғыртып төбеге атқан.
Сенің жырың, білсе егер, қайран жұртың,
Замандарды өзгертіп келе жатқан.
Сырқат қоғам жоғалып жыраққа әрі,
Құрығанмен
сызы бар бұлақта әлі.
Аруағыңнан сескеніп
сап тыйылды
Қырық жылға созылған сынақтары.
Жанарыңда көк мұнар мұң байланып,
Егілсең де ішіңнен шыңдай налып,
Биігіңнен түспедің
сынақтардан
Заңғар таулар шөккенде күлге айналып.
Асқар таудың шалғанда басын арай,
Жау таппасаң кезінде асырамай,
Жер мен көктің бұл күні бәрі өзіңсің,
Бәрін түгел жауладың Ғасыр-Абай.
Тәңірідей табынтып, билік құрған
Жырың тарлан жаныма күй ұқтырған.
– Поэзия не? – десе,
Абай дер ем
Өлең-жыр боп көгімнен құйып тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу