Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚИЫРШЫҚ ҚҰМ ТАС БОЛАРДА...


Күн көрістің қамынан аспай қалған,
Жұртым кейде жесірдей жастай қалған.
Баладан да,
байдан да қайыр болмай
Қанжылаған жүрегі тасқа айналған.
 Жоқшылықтың шаққанда жыланы өсіп,
Қараңғыда қамалған шырағы өшіп.
Көктем болып алдыңнан қалай шықсын,
Бұрынғыдай жүзінен шуақ есіп.
Той-думанға жасанып бұрын барған
Жұртым еді Сырды алған,
Қырымды алған.
Жесір әйел секілді бұл күндері
Етек-жеңі жыртылып, жырымдалған.
Тұқым қалса тұғырдан тұлпар болар,
Жесірден де жәдігер тұқым қалған.
Тастан мықты болмай ма
Құрты әженің
Сары суы сығылып сығымдалған.
Жоқтығынан азамат, есіл ердің,
Қиыс тартып бара ма көші де елдің.
Қарағанда байы бар қатындарға
Күні жақсы емес пе жесірлердің.
Жесір елге,
ұқсасын жетім елге,
Жұртым түзу бұрған-ды бетін өрге.
Тоз-тоз болып жататын шаңы шығып,
Қиыршық құм тас болып бекінерде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу