Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  189


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Аттың сыны

Атақты атбегі, ғалым Бошай Кітапбаевқа

Енеден қарабайыр текті туған –
Бәйге аты қаны толық болсын будан.
Желіксе ескен желге салсын әлек,
Перідей сары белден сағым қуған!
Аршын төс барлықпастай еркін келсін,
Тік түяқ тірсекке имек серпін берсін.
Таралса құлан-құйрық соққан желден,
Маңдайда аю-кекіл желпілдесін.
Омырауы бостау келсін алқам-салқам,
Аяғын тыпырламай, бассын алшаң.
Есік пен төрдей болып керілгенде,
Көрінсін инеліктей алыстасаң.
Кекжисін қырым ет жоқ кербез басы,
Ашсаң тіс, білінбесін оның жасы.
Ұласып шоқтығына жоны тұтас,
Күпшектей болсын ірі қабырғасы.
Танауы ақбөкендей желбіресін,
Селеудей жібек жалы селдіресін.
Үстіне ер саларда, төңкеріліп,
Нәркес кез толып назға, мөлдіресін!
Апта емес, суытуға ай шыдасын,
Қамау тер қабырғадан тамшыласын.
Тартуға шылбыр бермей қиқу шықса,
Құлағын қоянға ұқсап қайшыласын.
Қос тартпа жібіп терден, талыстансын,
Айылын аш қарынға шалыс салсын.
Жарыста жүз жүйрікке жұтқызсын шаң,
Бапкері көтбасардың намыстансын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу