Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕРКЕКТЕРІН АСЫРАҒАН ҚАТЫНДАР


Ие болмай жас қыздар етегіне,
Көрінгеннің жүр еріп жетегіне.
Жетіседі екенбіз
қала, дала
Жын-ойнақтың айналса мекеніне.
Жақсылықты көңілге жыр ғып қалап,
Ашылмай тұр көгімнен сұр бұлт тарап.
Көкек-қыздар қаншама
жер таңдамай
Кете барған көшеде жұмыртқалап.
 Көрінгеннен жүз грамм сұрап ішіп,
Ұлан ұлдар жатса егер жыра құшып.
Ата-ананы бұл күнде кім сыйласын,
Төбесімен жорғалап құрақ ұшып.
Ит-құстарға жем болса сайда қалып,
Күн көреді нар халқым қайда барып?
Ел қорғайтын ер жігіт жұрт тонаса,
Азбағанда, немене, майдаланып?!
Не істейді көп тобыр – қалың кедей,
Жарар еді күн көрсе сағымда өлмей.
Ел басқарған азамат аш көзденіп,
Нанын жеген халықтың қамын жемей.
Алатаудай түрегеп белін жазған,
Бұрынғыдай ел қайда кенін қазған?
Балық бастан шіріген заман туып,
Ойлайтұғын ер қайда елін азған?!
Талағасын қасқыры, қабаны да,
Атқа мінген жақсысы, жаманы да.
Сұлтаны көп бұл елден ұлтан таппай.
Бәтіңкенің ойылған табаны да.
Тұрса бәрі өмірдің жиегінде,
Неге кісі өлмесін жиі елімде,
Қызыл ішіп қызара бөртіп жүрсе,
Кемпірлер де тісі жоқ иегінде.
Қобыздайын сарнаған қатпар белде,
Арақ сілтеп азбаған қарт бар ма елде?
Кісілік бар дегенге кім сенеді,
Кісілікті ту сырттан атқан жерде?
 Тіршіліктен қол үзіп, құр ажырап,
Жоғарыға жүгінген жыламсырап.
Еркектерді бұл күнде қатындары
Ойдан-қырдан мал тауып жүр асырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу