Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  76


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКІМДЕР АУЫСҚАНДА

Тізгін беріп қойғасын аласаға,
Ашықпасын неге жұрт, бала-шаға?
Халық-байлық, қазына болмаса егер,
Кім көрінген билікке таласа ма?
Елін нұрға бастайтын дүрілдетіп,
Азамат ер бір туар күні жетіп.
Халқым аман болса екен,
жесе – жесін,
Бірі келіп әкімнің, бірі кетіп.
Құйылса да байлық боп шүмектеген,
Елін, жұртын бар ма әкім жүдетпеген?
Халқым аман болса егер,
мен де аманмын,
Қабағына қайғы-мұң түнетпеген.
Аспанымда дүркіреп көшкен бұлттай,
Ел басына кім келіп, кім кетпеген.
Соймақ болып ел-жұртын соғым етіп,
Ашы келген әкімнің, тоғы кетіп.
Айды да атып көгінен түсіреді,
Мылтығының тұрғанда оғы жетіп.
Білімсіздер шыққасын білікті елден,
Орын алған сұм қанша күліп төрден.
 Келген бойда ел сорып,
әкім қанша
Асып түскен сұмдығы сүліктерден?
Билік құрған кім-кім де паң далаға,
Айнала ма қан сорғыш кандалаға.
Нарық заман бір қысып,
сұм әкімдер
Және қысып қуырса жан қала ма?!
Жақындарын қасына іріктеген,
Бастық қанша ел-жұртын жіліктеген?
Қанды қылмыс қаншама жасаса да,
Өкіметтің көзіне ілікпеген.
Туған халқын отын да, тоқым еткен,
Сыбайлас па, білмеймін, өкіметпен?
Өкімет те оларға үндемейді,
Жан секілді өңештен соғымы өткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу