Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  105


Автор: Рафаэль Ниязбек

РУХСЫЗДЫҚ

Айбалтасы қай заман қайралмағалы,
Қазақ елге айналсын қайдан бағалы.
Рухсыздыққа қарсы соғысып жатқан
Ұлы дала бұл күнде майдан алаңы.
Сахара еді бір кезде төсі дүбірлеген,
Өлі өлкеге айналды көзі күлмеген.
Осы рухсыздық болатын ата қазақтың
Арғымағын арқандап көсілдірмеген.
Қайдан ызғар еспеді көктем еліме,
Рухым қайта өнбеді көктеп жеріме.
Осы рухсыздық болатын намыстан жұрдай,
Қастық жасап өрт қойған өткелдеріме.
 Өмір кешкен тарғыл көз тауық қорада,
Көп тобырдың көңілін тауып бола ма.
Ел ішінен іріген мына заманда,
Қай тұстан да төнетін қауіп бар, аға!
Қапы соғып жүрмесін
Бастықтың бәрі
Сайран салып жүргенде сауықханада.
Арбасқанда көрмеген жанары жасып,
Бір жағында аю тұр табанын қасып.
Тұғырлы елдің шырайлы шығыс жағында,
Айдаһар тұр қомағай аранын ашып.
Қарау күштер алқымнан буындырғанда,
Құтылам деп ойлама пұлым тұрғанда.
Қазақ бар ма ақырып теңдік сұраған
Қытай Қара Ертістің суын бұрғанда.
Көр көңілге жүргенде шырақ жаққалы,
Өзенімнің бұл қалай жылап аққаны.
Рухсыздықтан
Ресейдің зымырандары
Өлім сеуіп жеріме құлап жатқаны.
Қапталында жарысып желеді арай,
Қазақты Алла тар жолда жебеді талай.
Рухсыздығын, алайда, жеңбесе, Елім,
Анталаған көп жауды жеңеді қалай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу