Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  130


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЙ, ЖОЛАУШЫ!

Жүрсем егер жаза алмай көрікті өлең,
Жұрттың қалай қамшысын өріп берем.
Тауқыметтің арқалап тарғыл тауын,
Туғалы әлі қиындық көріп келем.
Суып, тоңып мезгілдің бұршағында,
Жетілгеннің бірімін құм шағылда.
Соғыс жылы кеудеме оқ қадалған,
Арлы анамның жатқанда құрсағында.
Буырқанып намысы тебінді елдің,
Бәрі аттанды майданға сенімді ердің.
Соғыс жылы көз жасқа суарылған
Жаны сірі қашанда жетімдердің.
Жұдырығым ызалы түйілгенде,
Кім бар қарсы келетін дүйім елде.
Қызыл бидай секілді аман шыққам,
Тағдыр мені тартқанда диірменге.
Адал болсын бұл жұрттың қайдан бәрі,
Шалғынымды жапырған жайған малы.
Тағдырыма сол кезде ара түсіп,
Қорғады, айтшы, елімнің қай тарланы?!
Ақырында намысым атқа қонған
Кеткен талай есемді қайтарғалы.
 Қараулықтың бәріне соғыс ашып,
Жүрмін содан от кешіп майданда әлі.
Тал бойымда қазақтың қаны барда,
Жауға сілте жүзімді жанып алда.
Мына қаншық өмірді қыңсылатқам,
Атам жатқан молаға сарығанда.
Шаңға аунатып кетер деп бір белеңде,
Жағаласып күн кештім дүрбелеңде.
Ызғар есіп жүзімнен тұрар еді,
Көңілімде бір көктем күлмегенде.
Сұлулардың көзінен сыр аулаған,
Қызық күндер қайда бұл қырға аунаған.
Самайыма ақ түсіп шау тартқалы,
Тереземді қай сайтан қыраулаған.
Кімге барып мұң шағам бұл жасымда,
Медет көріп қай досым жүр қасымда.
Құлпытасқа айналып бір күндері,
Тұрсам егер қалқайып қыр басында,
Ей, жолаушы, дұға оқып аттанарсың,
Шуағыма жылынып бұрқасында.
Бірі деме тағдырға көнген ердің,
Тыңда мені ұлы боп көргенді елдің.
Тірілердің жүрегі суымайды,
Өр рухына жылынған өлгендердің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу