Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  97


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙСЫҢ?


Азаттықтың жолында:
Тер төгілді,
Қан төгілді,
Ар төгілмеді бірақ та.
Жұрттың асыл арманы
Судай сіңіп жоғалмады құмақта.
Былғанбады басынан
Тұнып аққан бұлақ та.
Азаттыққа қол жеткенде,
Қаны таза текті елде:
Күңірентіп көңілді,
Арымыз неге төгілді?
Рухани қазақ әлемі
Бүтін жерден жыртылып,
Қақырап неге сөгілді?!
Жалған дүние күйе бар ма жақпаған,
Мылтық бар ма,
Арыстарды атпаған.
Адасқан жұрттың бұлағы
Қайда қаңғып ақпаған.
Елге айналып барамыз,
Қаласында қара қытай қаптаған.
Құзырлыға жағынып,
Қазақ бар ма бірін-бірі сатпаған.
 Қарға неге жүр қаптап,
Ақ сұңқар құстың көгінде?
Босағаға қазақ ығысып,
Жат отыр неге төрінде?
Жаудан қорғап даласын
Талай-талай шайқасқан
Сол даланың өрінде, –
Жолбарыс жүрек бабалар
Бұл сұмдықты көргенде
Өкірмесін неге көрінде?!
Өз елінде жүрсе де,
Күйін кешіп өгейдің:
Ұлым қанша қорланған,
Қызым қанша зорланған.
Осыны ойлап, алайда,
Азамат бар ма толғанған.
«Қорамсаққа қол салатын,
Қол салғанда мол салатын»
Зауал туды ма, кім білсін.
Қорғансыз қалса бұл қазақ
Көгінен қалай күн күлсін.
Кеудесінде намысы бар ер болса,
Буырқанып сілкінсін.
Ей, ағайын!
Үш арысқа бөлініп,
Қайдағы жоқты неге толғайсың.
Бір тұтас елге айналып,
Тұлғаңды қашан сомдайсың?
Алпауыттардың аузында
Шырылдаған торғайсың.
Жұтылып кетсең егерде,
Тұқымың құрып сорлайсың.
Өзіңді қорғай білмесең,
Тәуелсіздікті қалай қорғайсың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу