Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  92


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЙЫҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

...Жайық өңірін су басып, 1622 шаңырақ
апаттың құрбанына айналып, екі адам қаза
тапқан. Ал, шын мәнінде қанша адамның
қара жамылғаны белгісіз.
ГАЗЕТТЕН.
Дүниенің қабағы тұр түнеріп,
Елге ажар танытпай сыртын беріп.
Жер-жаһанға естілді
Ақ Жайықтың
Жылап аққан дауысы күңіреніп.
Жүрсек те айдын әлемге асырғалы,
Апаттардың бұл қалай басынғаны.
Билікке адам келе ме бұл күндері,
Ақиқатты халықтан жасырғалы.
Бойда тулап тұрғанда асыл қаны,
Жөн емес-ау шындықты жасырғаны.
Бізге деген өкпесі шығар, бәлкім,
Ақ Жайықтың бұрқанып тасығаны.
Болашаққа жол тартқан қазына артып,
Жұртты кім бар ойлайтын басы қатып.
Суын ішіп, Жайыққа түкірсе егер,
Ызаланбай қайтеді тасқын атып.
 Рухтың биік көтермей мұнарасын,
Кім тыңдайды бұл жұрттың мұң-наласын.
Экологиялық апаттар тұрса алқымдап,
Жайық неге зар илеп жыламасын.
Айтты деме бір пәле қоздырғалы,
Сұмдықтарға қанша жыл көз тұнғалы.
Елдер қанша апаттан көз ашпаған
Табиғатты шабуылдап тоздырғалы.
Рухын асқақ көтерген биіктердің,
Тауы неге шағылған сүйікті елдің?
Апатты аймақ болмаса Орал жері –
Қырылғаны бұл қалай киіктердің?!
Қуат жоқ па, күш жоқ па бүгінгі елде,
Қайда барып күн көрем түңілгенде.
Шалқар көлі жұтылып кете барған
Өткен жылы сол өңір сілкінгенде.
Билік тиіп қолына
Қуанғасын
Адам қайда бұрмады су арнасын.
Жұмыр жердің қуатын сорып алса,
Неге, ендеше, жер беті қуармасын.
Адамдардан табиғат суынғасын,
Неге оларды тарыдай қуырмасын.
Нұрлы өлкені тулақтай тоздырса егер,
Неге құйын төсінде суырмасын.
Билік көзін бес қарыс май басқалы,
Елдің талай бұлттанды айлы аспаны.
Ақ Жайықтың ызалы тасығанын
Жауған қарға жапқаны қай сасқаны?!
 Тас қоғамды сілкімей шаңын қағып,
Азамат ер қайда жүр жанын бағып.
Бәлкім, солар үйінде жеп отыр ма,
Жайықтың көз жасына нанын малып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу