Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  193


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЛҒЫЗ ҚАРА АЛЫСТАН КӨРІНГЕНДЕ

Жазушы Марал ЫСҚАҚБАЙҒА
Кең даладан арманын іздегенде,
Бақ қумаған жан бар ма түз-белеңде.
Жүрегімнен бір көктем есер ме еді,
Жүрегіңнің сәулесі түспегенде.
Марал көзбен өмірге үңілгенде,
Күркіреген кезің көп дүбірлі елде.
Шырылдаған шындығым өзің едің,
Ақиқаттың алдына жүгінгенде.
Жүрегіңде қызыл шоқ қоздағасын,
Неге сенің қаныңды қозғамасын.
Өз бағасын білетін жанның бәрі
Түсірмеген қашанда сөз бағасын.
Тәңіріден өзгеге кішірмеген,
Аға, сені жан бар ма түсінбеген.
Жүйріктердің бірісің бұл күндері,
Кеудесінде Құлагер кісінеген.
Анаң сені албырап тумағанда,
Жанбас еді бір жұлдыз бұл ғаламда.
Күнің бар ма көсіліп шаппай қалған
Құлагер-жыр кеудеңде тулағанда.
Көңілінде бір сезім өрілгенде,
Бәйгеге атын қосқан көп көңілді елде.
Сенсің бе деп тұрамын, Марал аға,
Жалғыз қара алыстан көрінгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу