Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  284


Автор: Рафаэль Ниязбек

КЕРЖАЛҚАУ ЖҰРТ

Қайғы кешкен, мұң кешкен сұр ғаламда,
Ұят қалмай бара ма бұл адамда.
Жұрттың бәрі кетті ме ақша қуып,
Асқар тауы арманның құлағанда.
Тұлпар тумай қалды ма ер мінетін,
Күндер қайда жақсымен тең жүретін.
Зауал туып келе ме кім біледі,
Көрінгенге көз сатып телміретін.
Кісі билік құра ма бүлдіргелі,
Қара құсы үрейдің тұр бүргелі.
Сақал сатып үйренген шалдар аз ба,
Еңку-еңку жер шалған бұл күндері.
Азамат ер қайда бұл елге қорған,
Ақ сұңқар құс неге ұшпай жерге қонған.
Көзін сатқан намысты көргенімде,
Көкірегім күйіктен шерге толған.
Жандар көп те қағынған жөргегінде,
Шығамын деп ойлама төрге күнде.
Өліп кете жаздадым намыстанып,
Сұлулықты көз сатқан көргенімде.
Күннің неге қабағы тұнжыраған,
Тауқыметін артқанда кім шыдаған.
Қызыл қаншық секілді өмір кейде
Күштілерге көз сатып қыңсылаған.
Адырнасын алысқа созып атып,
Қазақ қанша дау қуған сөз тулатып.
 Бірақ кейде кержалқау жұрт секілді,
Үкіметке үйренген көзін сатып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу