Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  206


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАҢА ТАРАЗ ЖЫРЫ

Сырласып Абай тілінде,
Жамбыл боп және жырлаймын.
Сайраған бұлбұл үнінде,
Ғасырлар тартқан сырнаймын.
Жәдігер шаһар екенмін,
Тәңірден ғана бата алған.
Бақ қонған құтты мекенмін,
Әулие қала атанған,
Жыр-Жамбыл қала атанған.
Кісіліктің адал жолында
Қанатым қанша талдырған.
 Шаһармын дала жонында
Тараз боп қайта жаңғырған.
Уақыт жаза басқанда,
Шыңғырған шындық – шынармын.
Елімнен ерлік қашқанда,
Мойнымды кімге бұрармын.
Қазақты қорғап қырылған
Сталинді сөккен Тұрармын.
Жамбылмын сері сексенде
Ару қыз аңсап тулаған.
Алатауға шаншып ексең де
Кененмін қайта тумаған.
Толтырған малға кең төсін,
Қазына, байлық – даламын.
Бауыржанның батыр кеудесін
Сауыт қып киген қаламын.
Қоңданып жұртым оңалып,
Қойлары егіз қоздаған.
Құрыған мәңгі жоғалып,
Ботаның үні боздаған.
Өзгеріп өмір, өңделіп,
Жаңғырып, түлеп жатқанда,
Күш бар ма кетер төңкеріп,
Азаттық алған ақ таңда.
Болашақ күнге жол тартқан,
Көрікті көштің өзімін.
Ізгілік-сәби толғатқан
Тіршіліктің қайнар көзімін.
 Күн кешіп Алла бұйырған,
Маздатқан отын тірліктің,
Қорғасындай тұтас құйылған,
Қорғаны күшті Бірлікпін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу