Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨНЕ ТАРАЗ МҰҢЫ

І
Сүңгітсе де көк сүңгі бал таңдайға,
Қарсы тұрдым талтайып талтайғанға.
Қала болғам еңкейген еңкейгенге,
Қала болғам шалқайған шалқайғанға.
Ақ семсердің жүзінде серт еткенмін,
Тектілерді бесік боп тербеткенмін.
Аттың жалы, өркешті түйе үстінде
Қару-жарақ жастанып ер жеткенмін.
Қабырғасын жаулардың күйреткенмін,
Шыбын жанын шыңғыртып сүйреткенмін.
Бөрі қала атанып, өзім туған
Бөлтірікті тістелеп үйреткенмін.
Жаны сірі сірескен сіңірденмін,
Тұқымы өсіп, жалданған тұғырлы Елмін.
Жұмыр басым жұлынса,
сау қалсын деп,
Тамырымды тереңге сіңіргенмін.
Бүгілмейтін тізені бүктіргенмін,
Басын төмен идіріп, күттіргенмін.
Шіренгендер төріме түкірсе егер,
Қызыл тілін жалатып, сүрттіргенмін.
Буыршындай жығылған қанға тайып,
Заман қанша өткерген алмағайып.
Ғұмыр бойы түспедім ат үстінен,
Ел күзетіп,
күндіз-түн мал да жайып.
 Нар халқымды жұмаққа жеткізем деп,
Өмірді аңсап жанықтым таңғажайып.
Жер бетінде жұрт жоқта жау сағынған,
Соғыстардан тас жанып, тау шағылған.
Қырғын жылы оталған орман қанша,
Қан тамшылып талдардың саусағынан.
Күнге қарап жыладым жылағанда,
Айға қарап құладым құлағанда.
Жаһаннамға бәрін де жөнелткенмін,
Жаулар келіп жанымды сұрағанда.
Сүңгітсе де көк сүңгі бал таңдайға,
Қарсы тұрдым талтайып талтайғанға.
Қала болғам еңкейген еңкейгенге,
Қала болғам шалқайған шалқайғанға.
ІІ
Қара қытай қан тартып қаптағанда,
Өліктері шашылып жатты алаңда.
Көп екен деп қорқам ба,
Сарбаздарым
Топырлатып отқа әкеп қақтағанда.
Ай тұтылған қырғанда, күн тұтылған,
Шын төнгенде ажалдан кім құтылған.
Қанды өзенге түп-түгел тоғытқан-ды,
Сарбаздарым жау іздеп кіл жұтынған.
Бұршақтайын жауса да оқ түнеріп,
Қалың жауды жайпаған соққы беріп.
Үрейі ұшқан қытайдың
сарбаздардың
Көздерінен қып-қызыл шоқты көріп.
 Көп болса да өз күшін шамалаған,
Қытай қашан қазақты табалаған.
Содан қайтып Таразға бір беттемей,
Ұлы Қытай қорғанын паналаған.
ІІІ
Жабылған жау көп еді,
Ши бөрідей қаптаған.
Тажал боп елге төнеді,
Ажал боп есік аттаған.
Екі көзім төрт болды,
Көкірегіме өрт толды.
Қылышымды сермегенде
жаудың басы
қынадай қырқылды.
Кеудемді кернегенде
Сұр жебе тесіп өтпеген
Ақ сауытым жыртылды.
Аздығымды ескермей,
Арыстан айбатпен айқастым.
Көптігінен жаудың сескенбей,
Жолбарыс жүрекпен шайқастым.
Найзам қысқарып,
жебедей болды.
Саспадым.
Жебем қысқарып,
тебендей болды.
Қашпадым.
Қала қирап, түсті де шалқасынан,
далаға айналды.
Берілмедім.
Далам қан сасыған
молаға айналды.
Жеңілмедім.
 Сөніп бара жатып та,
сұр тастай безеріп,
кек болып тебіндедім.
Өліп бара жатып та,
ерінім кезеріп,
«Кегім!» – дедім.
Сонда да туған жерімнен
Екі елі кейін шегінбедім.
Топыраққа жатса көміліп,
Қайтеді өкпем қысылмағанда.
Құм құйылған көзіме,
Ашу-ыза өріліп,
Не істемекпін қызынбағанда?
Бұзылар ма еді сауытым,
Көбесінен сөгіліп,
Бірлігі Елдің бұзылмағанда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу