Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  120


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОҚҚА АЙНАЛҒАН БАЙЗАҚ ДАТҚА


Байзақ датқа халқының қамын ойлап,
Өскен еді асаудың жалында ойнап.
Туған елін ту етіп тік көтеріп,
Қара бастың көрмеген бағын тойлап.
Халқын көріп табада қуырылған,
Қынабынан даланың суырылған.
Балталанып азаппен өлмес еді,
Тайғанда егер сертінен, тұғырынан.
Суық сұсты көздері қанталаған,
Жауыз қолдар батырды балталаған.
Қарағайы Байзақ деп қара орманның,
Бәрі түгел шапқылап жаңқалаған.
Қабағынан сескенбей зеңгір көктің,
Қызыл қанын ағызып ет-жүректің,
Ақырында өлтіріп,
жауыз қолдар
Атқан еді оғы етіп зеңбіректің.
Көзі ақырын жұмылып шоқтай жанған,
Демі үзіліп, жүрегі соқпай қалған.
Батыр Байзақ датқаның денесі енді
Зеңбіректің шар добы – оққа айналған.
 Қайысқанда қайғыдан белі жердің,
Туған елін қорғамай шегінер кім?
Ойран салып Қоқанға
оқ боп ұшты
Байзақ датқа айналып кегіне Елдің!
Жау қолынан ер неге текке өледі,
Көз жұмса да тістеніп кектенеді.
Зеңбірекпен атқаны Байзақты оқтап –
Өз түбіне Қоқанның жеткені еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу