Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  330


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАМЫСЫНА ТАРАЗДЫҢ ҚЫЛЫШ ӨТПЕЙ


Биіктердің бәріне жолы өрлеген,
Тараз – тарих шаң басып көнермеген.
Сан мың қырғын басынан өткерсе де,
Сауытынан оқ өтіп, ол өлмеген.
Жау басынып басынан секіргенде,
Намыс қуып жетім де жетілді елде.
Төбесінен оқ жауған жаңбырдайын,
Қарахан боп қамалы бекінгенде.
Қырылды рас,
Қырылды қынадайын,
Бірақ, бірақ қорғамай тұра ма айын.
Арыстанға үлгерген бәрі айналып,
Сын сағатта сыр бермей бір ағайын.
Қалың жаумен қасарып егескенде,
Қорғанына айналған белес-бел де,
Желпілдеген тұлымы туға айналып,
Қан қырғында Жеңістің желі ескенде.
Қаптағанда дұшпан көз жат көрінген,
Ақтарылып қызыл қан, ақ төгілген.
Намысына Тараздың өтпей жүзі,
Қара жаудың қылышы қақ бөлінген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу