Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  330


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАМАТ ЕР КӨП БОЛСА...

Көктем болып жетсең де құба белге,
Жақсылықтан басқаны мұра көрме.
Күнің өрлеп шыққанда шың басына,
Сәулең түсіп тұратын туған елге.
 Айдынында көп жүзген өлең-кеме,
Сол биіктен, ендеше, төмендеме.
Жасың кіші болса да Серік, сені,
Бір асқар тау өзіңді көрем неге.
Дүр дүние сен жайлы сырға қанып,
Қара орманы тербеліп тұр ырғалып.
Жетісу – жеті жұмақ,
Сол жұмақта
Анаң сені туған-ды нұрға малып.
Аузыңды ашсаң – аузыңнан жыр төгіліп,
Жанарыңнан тұрады күн көрініп.
Сен жоқ жердің бәрінде,
Не себепті
Жұрттың алтын жағасы тұр сөгіліп?
Тіршіліктен түңілген жетімдердің,
Сөнген отын тұтатып серпін бердің.
Сенің нұрлы сәулеңнен
Қай жерде де,
Құлагер боп құлыны жетілді елдің.
Жақсылығын тас тағдыр бұлдағанда,
Ер қайтеді сертінде тұрмағанда.
Қамал бұзған сардардай буырқанып,
Қиындықты жеңетін тұрған алда,
Алайда өзің секілді азамат аз –
Ұлығы ұры атанған бұл заманда.
Күн туғанда намысқа қайралатын,
Қаға алмай тұр неге әлі Ай қанатын.
Серік мырза!
Ер жоқта арды ойлаған
Тұнығы елдің қашанда шайқалатын.
 Азаматтар көп болса,
Жұрт едік-ау,
Қайыршысы жоқ елге айналатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу