Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  342


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АСЫНДА


Мал иесіне тартады.
Халық мәтелі.



Бойға қуат бергелі жердің нәрі,
Ердің түгел жаңарған ер-тұрманы.
Абылайдың тойына ат сабылтып,
Көкшетауға ағылған елдің бәрі.
Қара орманның сыр шертіп жапырағы,
Дүбір аңсап жатқанда жар-құмағы,
Абылайдың асында шаппағанда,
Елдің қайда шабады арғымағы.
Жұрттың бәрі арманын алға асырып,
Ұмтылады арайлы таңға асығып.
Серік мырза бәйгеге ат қосқалы,
Қарақұсын суытқан таңасырып.
Құйма болат тұяғы тасқа ұрылып,
Көрген жоқ-тын көзіне жас тығылып.
Бұл тұлпардың тұратын қос қанаты
Қабырғасының астына жасырынып.
Болашақтың таулары көрінгенде,
Бәйге болмай тұра ма көңілді елде.
Көтеріліп қанаты жазылатын
Қарақұстың қолтығы сөгілгенде.
Туған елге жүгірген бақ таратып,
Бапкер еді үйренген ат жаратып.
Оқ бойы озып бәрінен аты келген
Бүкіл Көкше өңірін жалт қаратып.
 Тіршіліктің күн кешкен жүйесінде,
Көкшетаудың көңілді күйі есімде.
Абылайдың асында аты оза ма,
Бір кие егер болмаса иесінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу