Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЗІҢДЕЙ ЕРЛЕР ҚОРҒАНЫ

Жеріне қарап ел туған,
Еліне қарап ер туған.
Азамат ерсің неге де:
– Тәуекел! – деп бел буған.
Таулардың жиып қуатын,
Таза ұстап айдын, суатын,
Аршын төс ару аналар
Арыстан ұлдар туатын.
Сатпайтын елдің мұратын,
Сардарсың сертте тұратын.
Өзіңдей ерлер бар кезде,
Су басынан тұнатын.
Қапыда қатер бүргенде,
Қаламын деме бір белде.
Жамбылдың қызыл жолбарысы
Өзіңді қорғап жүргенде.
Үрейдің серпіп түнегін,
Биікке ұмтыл – түлегін.
Жұртың бар қағып алатын,
Құласаң – тосып жүрегін.
Көзіңнің нұрлы жарқылы,
Сұңқарыңның жарқын саңқылы.
Мұратқа кімдер жетпеген,
Серікжан, өзің арқылы.
Кезеңде мынау күрделі,
Келеміз жылжып ілгері.
 Өзіңдей ердің арқасы –
Шындықтың тірі жүргені.
Адыра қалып арманы,
Өртенген талай орманы.
Қабырғалы ата қазақтың
Өзіңдей ерлер қорғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу