Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАТЫР РУХЫ

Серік мырза шыдамды, төзімді еді,
Неге көңіл дөнені көсілмеді.
 Миын шағып қайдағы, жайдағылар –
Түн ортасы ауғанша көз ілмеді.
«Құдай өзі бәріне жеткереді,
Адам неге адамға кектенеді».
Қалың ойдан қалжырап шаршағанда,
Кенет көзі ілініп кеткен еді.
Жанарына ақ мұнар мұң қапталып,
Жатқан кезі болатын сырқаттанып.
Таңға жуық түс көріп алабұртқан
Көңілінде бір дауыл бұрқап қалып.
Жұрттың жоғын жүрсе де тауып беріп,
Көп нәрсені ойлайтын қауіп көріп.
– Тойға неге бармайсың, балам, – деген,
Батыр баба Райымбек шауып келіп.
Даусын естіп батырдың күркіреген,
Серіктің жүрегінде жыр түлеген.
Сырқатынан айығып, бір ақ жаңбыр
Туған елдің көгінен сіркіреген.
Тағдырменде ұстасқан тайталасып,
Ол бар жерде жоғалған қайғы адасып.
Тойға келген Серікті қарсы алған-ды,
Жұрты түгел құшағын айқара ашып.
Сол мезетте көздері шоқтай жанып,
Хантәңірге қараған тоқтай қалып.
– Батыр рухы оралған шығар, – деді,
Серік мырза қуанып ұшып жүрген
Тау қыранын көргенде көкті айналып.
...Сағынышы айналып самалаға,
Шындық бар-ау бұл сөзде, сардар аға!
 Елдің көші түзелген
Серік айтқан
Батыр рухы оралып сардалаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу