Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  177


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТИТ ӘУЛИЕ ЖӘНЕ СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ


1
Ескі ерте заманда,
Ар-иман жоқ та адамда,
Тит деген әулие өмір кешкен,
Ол бар жерде
ақ самал көңілді ескен.
Жұлдыз және болмаған
Жанбай жатып көгінде өшкен.
 Тіршілікті нұрымен суаратын
Ол жоқ жерде көк тал да қуаратын.
Адамдарға жақсылық жасаған күн –
Тит әулие баладай қуанатын.
Сырқат қоғам дертінен айығатын
Ол бар жерде
патша да қаймығатын.
Бір кісіге жақсылық жасамаса,
Бір күнім босқа өтті деп қайғыратын.
Бақ нұрына айналған талай жердің,
Тит әулие бірі еді арайлы ердің.
Адамға адам жақсылық жасамаса,
Көсегесі көгерсін қалай елдің.
2
Жақсылықтың неге алдан желі еспейді,
Жер бетінен жамандық неге өшпейді.
Үмбетовті көргенде
Ертеде өткен
Тит әулие көзіме елестейді.
Ердің
зұлым күштерге сан атылған,
Көктем еспей тұра ма қанатынан.
Тит әулие секілді Серіктің де,
Тұла бойы ақ нұрдан жаратылған.
Кеудесіне жамандық түнетпеген
Ерлер елдің көңілін жүдетпеген.
Бұл Серіктің, ағайын, білсең егер,
Жақсылықсыз ешқашан күні өтпеген.
Белің ауыр қайғыдан бүгілгенде,
Қарайлайтын жан бар ма бүгінгі елде.
 Баратыны Серікке содан шығар,
Жұрттың бәрі биліктен түңілгенде.
Ол бар жерде кім жүрсін сыртын беріп,
Қарттар қанша жасарған күтім көріп.
Бұл Серіктің алдынан қайтқан қанша,
Көңілінің жыртығы бүтінделіп.
Ол бар жерде білінбей жел тұрғаны,
Мұратына жетеді елдің бәрі.
Кімдер атқа мінбеді ол бар жерде,
Тышқан жеген жаңарып ер-тұрманы.
Қилы заман қажытып, қажағалы,
Азап тартып келеді қазақ әлі.
Серік, бәлкім, соны ойлап туған шығар,
Адамдарға жақсылық жасағалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу