Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  103


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЗЫЛ АҒАШ ҚЫРҒЫНЫ

Күндер қайда көңілдің шаңын басқан,
Сардаланың сайынан сағым қашқан.
Қызылағаш – иманды ауыл еді,
Көшіп барған талайдың бағын ашқан.
Қуанышын, қызығын мың тойлаған
Ауыл еді көзінде нұр ойнаған.
 Бір-ақ түнде бөгетті талқан етіп,
Тасқын алып кетер деп кім ойлаған.
Бойға жиған қуатын құба белдің,
Бәрі қайда қараған тұлғалы ердің.
Ілиястың ағынды Ақсуында
Құлағаны бұл қлай Құлагердің?!
Жігер оты тұтанбай сөнгенде ердің,
Қатер қанша басына төнген елдің.
Қызылағаш ауылы аңыраған
Моласына айналып өлгендердің.
Ақ-қараны айырып, сына қағып,
Тығырықтан ер бар ма шығар алып.
Елбасына зар илеп жеткен еді,
Жетісудың жеті өзені жылап ағып.
Ар-намысты шабақтап бұлқынбаған,
Кеудесінде ызалы жыр тулаған,
Елбасының жарлығы естілген де,
Өңір бар ма көмекке ұмтылмаған.
Адалдықтың кірпішін қалай білген
Қызылағаш жер еді талай жүрген.
Жұрттың бәрі көмекке ағылғанда,
Дүниенің көзінде арай күлген.
Тіршіліктің сел жұлып жапырағын,
Қара қайғы басқанда атырабын,
Көтеріскен қол қанша уық болып,
Қирап қалған ауылдың шаңырағын.
Көк бөріге жем болып жеке жүрген,
Қауым қанша бірігіп кеме мінген.
Ынтымағы жарасқан елдер ғана
Қандай қатер төнсе де жеңе білген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу