Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  182


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛ БІРЛІГІ

Елге, жерге... бәріне ие болған
Азамат ерге ғана кие қонған.
Түзу болса егерде құрған жүйең,
Неге, ендеше, болмасын жүйең қорған.
Өмір бірақ долы өзен толқындаған,
Тағдыр бар ма алдыңа тор құрмаған.
Сазға біткен сары ағаш секілденіп,
Кезің, Аға, жоқ әлі солқылдаған.
Жаңа күннің тұрсақ та белесінде,
Желтоқсанның ызғарлы желі есіңде.
Арамдық та келеді бірге жүзіп,
Адалдықтың ақ бауыр кемесінде.
Өрге қарай бұлқынып бұлақ ағып,
Жұрт қызықтап қарайды тұра қалып.
Туған елдің бір тұтас бірлігіне,
Жүргендер де жоқ емес сына қағып.
Ғұмыр кешіп жүрсек те көңілді елде,
Тұрса дейміз өзгеріп өмір демде.
Кімге мүйіз бітеді қарағайдай,
Қоғам түрлі топтарға бөлінгенде.
Жаратқанның жолынан жаңылмаған,
Елдің ғана жүрегі қабынбаған.
 Жұртта қандай береке, бітім болсын,
Бір жүйенің бойынан табылмаған.
Желбуаздар желігіп еліргенде,
Қара құйын суырған теңбіл белде.
Алайда елдің бірлігі бұзылмайды,
Аттан түспей өзіңдей ер жүргенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу